Размер шрифта
-
+

Мейрхан Абдильдин: Өнегелі өмір. Вып. 22 - стр. 40

Осы орайда тағы бір жағдай еске түседі. Ертеректе, біздің май ауданында, бұрынғыша айтқанда Кеңтүбек болысында, Райбай торы деген жүйрік ат болған екен, ол аттың иесі, еліміздің атақты сыншысы, қадірлі үлкен адамы Алданғор деген ақсақал болған. Торы атты, арық, жауыр, жаман дөнен кезінде Алдекең бір Райбай деген қайыршы шалдан сатып алған, содан аттың аты Райбай торы деп аталған. Осы ат Ертіс бойындағы Кереку, Өскемен аралығындағы ар жақ, бер жақты мекен еткен елдердің астағы, тойдағы, басқада атшабысында бәйге бермеген. Райбай торы Алданғор ақсақалдың қолында сегіз жыл тұрып, жиырма екі бәйгенің алдында келген. Бір рет екінші болып, ал бірінші болып Шәкәрімнің ақ қасқасы келген екен дейді. Бір рет жолда жығылып, Шабандозы қалып қойып,өзі аттармен көмбеге шауып келген. Райбай торы 1924 жылы ауырып өлген. Осы әңгімені бала кезімізде әкемізден талай естігенбіз, бірақ Райбай торыны бүкіл Қазақстанға паш еткен адам – Ғазиз Нүрпейісов. Бұл кісінің Алматыда, «Жалын» баспасында 1977 жылы басылып шыққан «Аңшы сыры» деген кітпашасында Райбай торыны әдейі әңгіме еткен. Қызығы, бұл кісі журналист, жазушы да емес, бүкіл өмірін аңшылыққа арнаған, көпті көрген қария екен. Тағы бір қызығы, бұл кісі Қостанайдың адамы, ал Павлодар облысының атын әңгімеге арқау еткен. Осындай адамдар біздің елде де бар шығар. Біздің елдің басқа атақты жүйріктері туралы жаза ма деген үміттеміз.

Енді Көлтай торы аттың әңгімесіне қайта оралайық. Аттың Көлтай торы деген аты елдің азаматына байланысты. Атты алғаш мінген осы адам болса керек, кейін бұл жігіт соғыстан қайтпаған. Атты бәйгеге жарататын Бәден деген ақсақал еді, ұмытпасам қой фермасының бастығы болатын. Атқа шабатын бала – Бегім. Бұл бала бізге жігіт болып көрінетін. Өзі мықты, айлакер, ат сиқырын білетін, жылқы баққан бала болатын. Көлтай торының басы қатты, бір езу еді, сондықтан оған шапқанда басына ие болу оңай болмайтын, ол тек Бегімнің қолынан келетін. Көлтай торы аттың бағын ашуда осы бір талантты баланың үлесі көп. Көлтай торы бәйгеге шапқанша алқам-салқам, олқы-солқы болып көрінетін, ал бәйгеден бірінші болып келгенде Жануар ерекше сұлуланып, билеп келетін. «Шіркін жарықтық-ай, бірінші болып келгенін біліп тұр ғой» – деп, халықтың айтқан сөзін талай естігенбіз. Кейінгі кезде, тер алғанда, Көлтай торыға біздің Жәкең де шауып жүрді. Бірақ бұл кезде торы аттың бағы тайып, аяғы кете бастаған кез еді. Әйткенмен де, Көлтай торы атқа шабу Жәкең үшін қандай абырой, қандай қуаныш болды десеңізші. Космосқа ұшқанмен тең.

Жәкеңнің негізгі шабатын аттары бұл Қызыл Еңбек колхозының Моряк деген кіші торы аты мен Қызыл көк деген ат еді. Осы Қызыл көк атпен аудандағы жетінші ноябрдің талай бәйгесіне қатысқан.

Страница 40