Размер шрифта
-
+

Мейрхан Абдильдин: Өнегелі өмір. Вып. 22 - стр. 39

Шынында, біздің балалық шағымыз тоғайда, су бойын кезіп балық аулауда, айырыққа суға түсуде, мойыл, бүлдірген, долана теруде, асық ойнауда, аңға тұзақ құруда, отын әкелуде, колхозға көмек көрсетуде, атқа шабуда, тағы басқа толып жатқан жағдайларда өтетін. Осындай бала шағымыз, қазіргі цивилизацияның балаларының өмірінен әлдеқайда қызық болып көрінеді. Туған табиғат адамға көп береді, көп тәрбиелейді. Және ол кезде біздің тоғайлар – ну тоғайлар болатын. Ертістің айырығындағы су үзіліп қалмайтын, балыққа толы, суы мөлдір болатын, тоғайда мойыл тұнып тұратын. Ақ та көп болатын. Біздің Жәкеңде осы бала кездегі қызықтардың бәрін көрді десек артық емес қой деймін. Жәкең туған табиғатын ерекше сүйіспеншілікпен есіне алады, Жәкең туған табиғатының баласы, Жәкең бақытты бала болды. Шынында, осы ретте мысал келтіре кетейін. Ауыл баласының арманының бірі, қызығының бірі, бәйгенің атына шабу. Бірақ мұндай бақыт ілуде біреудің басында ғана болады. Осы бақытты Жәкең де көрді. Осы уақытқа дейін қызығып есіне түсіреді. 1945-1949 жылдары Май ауданында, ел аузына ілінген, бір топ жүйрік аттар болды. Бұлар Қызыл еңбек колхозының Көлтай торы аты (Үлкен торы ат!), Моряк – кіші торы ат, Ала айғыр, Қызыл көк ат, Жалтыр колхозының Ақ сұр аты, Киров совхозының екі жирені, Орджоникидзе колхозының күрең аты, Жаңа тұрмыс колхозының Бір жамбас аты, Бестау колхозының Сары бауыр аты, т.б. аттар болатын. 7 ноябрде, Май мейрамындағы ат шабыс балаларға, тіпті үлкендердің өзіне де, қазіргі дүниежүзілік олимпиадалық ойындай болып көрінетін. Бәйгеден озып келген аттар, оларға шапқан балалар көп уақыт ел аузында әңгіме болатын, біздерге дәл олимпиаданың чемпиондарындай болып көрінетін. Соның бірі – біздің Жәкең.

Қазір қалай екенін білмеймін, негізінде бәйге аттарды жақсы көру, оларды мадақтау, аңыз ету қазақ халқының қанына сіңген жақсы қасиеттердің бірі. Жылқыны тану қазақтардың төл мәдениетінің бір белгісі. Ауыз әдебиетінде Қобыландының Тайбурылы, Абайдың өлеңі «Аттың сыны», Ақан серінің Құлагері туралы біздің кезіміздегі қай қазақтың баласы сүйсініп оқымады десеңізші. Сондықтан біздің жас кезіміздегі Май ауданының бәйге аттары бізге, балаларға, тұлпарлар болып көрінетін, біздің жастық шағымыздың керемет поэзиясы еді. Әсіресе, Қызыл еңбек колхозының Көлтай торы аты – теңдесі жоқ жүйрік ат еді. Бұл ат аудандағы бәйгелерді ғана алып қоймай, тіпті облыста бірінші болып келген. Облыста алда келген ат – тұлпар емей немене? Осы ат туралы әлі күнге дейін бір көлемді әңгіме жазылмай келеді. Елімізде ат сынайтын керемет сыншылар да болған. Олар туралы ешқайда жазылмаған. Тіпті, елдің көрнекті, үлкен ақсақаладры мен азаматтары туралы да уақытында жазылмай жүр. Бұл болмайды. Бұл мәселелердің бала тәрбиелеуге тікелей қатынасы барын есімізден шығармауымыз керек.

Страница 39