Размер шрифта
-
+

Мейрхан Абдильдин: Өнегелі өмір. Вып. 22 - стр. 41

Жәкеңнің жас кезінде атқа шабуда жеткен үлкен жеңісі бұл Бестау колхозының Сары бауыр атының бағын ашуда.

Әлі есімде, біздің үйге жетінші ноябрдің қарсаңында Бестау колхозының бастығы Қапсалық келіп түсті. Өзі бір аңқылдаған, ақ құба, келіскен адам екен. Ноябрь бәйгесіне қосуға алып келе жатқан Сары бауыр аты бар екен. Ат – жас ат. Осы атқа шабуға әкемнен Жәкеңді сұрап алды. Жәкең осы бәйгеде Сары бауыр атты екінші келтірді. Тіпті, бірінші орын алуы да мүмкін еді, егер Жәкең осы жас аттың, жетінші ноябір мейрамының үлкен бәйгесіне түсіп тұрған аттың, сырын сәл ертерек білгенде. Сөйтіп Жәкең осы Сары бауыр аттың бағын ашты. Бұл бәйгеге Май ауданының неше түрлі аты шулы жүйрік аттары қатынасқан. Солардың ішінде Жалтыр колхозының қоян жүйрік Ақ сұр аты, Киров совхозының екі жирені, басқа да тамаша аттар. Жәкеңнің аты осы екі жиреннің ортасында келген.

Тағы да бір жәйт. Жәкең мен ес білгелі, мектепте әйтеуір бір бастық болатын – комсомол ұйымының хатшысы, учкомның бастығы, т.б. Жоғарғы кластарда өзімен бірге оқыған балалардың лидері. Өзі жақсы оқитын, өзі бастық, қарапайым, досқа көмекке дайын тұратын. Қыздарды да жек көрмейтін. Осы тұста бір мысал. Жәкең тоғызыншы класта. Сол кезде біздің колхоздан қырық шақырым жерде тұратын Киров совхозының жетінші класта оқитын Амангүл деген қызы ән айтып аудандық Олим- пиадада бірінші орын алыпты. Осыны естіген Жәкең, қызды көрмесе де, сыртынан ұнатып, сол қызға өлеңмен хат жазады. Ол хат Кировтағы мектеп директорының қолына түседі. Бұлар, әйтеуір бұл жақсы нәрсе емес деп, әлгі қызды педсоветке (мұғалімдер кеңесіне) салады. Қыз байғұс жылайды, бұндай баланы білмеймін, көрген емеспін, пәле болды ғой маған деп зар илейді. Не керек, біраз шатақ болып, қыз өлдім-талдым дегенде әзер мектеп қабырғасында қалады. Кейін осы қыз біздің Жәкең оқып жүрген мектепке келіп оқиды, себебі Киров совхозындағы мектеп тек жеті жылдық мектеп болатын. Жәкең мен қыз бірінші рет біздің мектепте кездесіп, біріне-бірі ұнап, дәл ауылдың Ромео және Джульеттасындай болғаны. Біздің үйге осы Амангүл құрбы қыздарымен келгенде шешеміз байғұс әбден әбігерленіп қалатын.

Біздің тұрған үйіміздің алдында үлкен қора болатын. Қораға жарық түсіп тұруы үшін төбеде үлкен тесік болатын. Сол тесіктің тұсына стол жазып Жәкең, жанында Жұмаш деген досы бар, қыздарға өлең шығаратын. Мені болса, елдің бәріне жаясың деп, қорадан қуып шығады. Бірақ мен төбеге шығып, ақырын білдірмей, тесіктің тұсына жата қалып екі ақынсымақтардың жазған өлеңдерін, шындықтарын естіп, біліп алатынмын, елге жаятынмын.

Страница 41