Размер шрифта
-
+

Жаныбеков Шангерей. Өнегелі өмір. В. 31 - стр. 4

Шәкеңнің демократтығы аңызға айналарлық. Ағамыз тіпті жеңгемізді де атын айтар болса, тек қана – «Гүлбаршын Хамитовна» дейді. «Гүлеке», «Гүлбаршын» деп атап шақыруды Шәкең одағай, ерсі көреді, тіпті, іні болып кеткен біздерге де ілтипат көрсетеді, ғажайып кішіпейілдік танытады.

Шәкең жүрген жер – мектеп. «Ағаның үйі ақ жайлау» деп бауырлары келеді. «Алдыңда ағаң болса, асқар тауың», – деп қалың елі сенеді, «туысы бірдің – уысы бір» – деп ағайын-туыс, дос-жарандар соңынан ереді. Шәкеңнің маңында жүріп, соңына еріп, олар тәлім-тәрбие көреді.

Ахмет Байтұрсынұлы: «Құмарпаз адамдар құмарлығының құлы болып, соның дегенімен болып, соның айдауында жүріп, құмарлық құрбаны есебінде әлек болады», – депті. Шәкең құмарпаз жан ғана емес, қазақ мәдениетінің жанашыры. Ол кісінің тікелей қатысуымен Ғабит Мүсірепов музейі, Торғайдағы Ахаң мен Жақаң музейі, республикалық Орталық музей бой көтерді, көптеген ұлы жазушыларымыздың, ғалымдардың еңбектері жарық көрді. Қостанай қаласы мен Рудныйдың көркеюіне қосқан үлесі ерекше. Ел егемендік алған сәтте қазақ диаспорасымен байланыс орнатуды қолға алды, республиканың зейнеткерлер қауымын басқарды.

Ахмет Байтұрсынұлы қайраткер жандар «тыныштықпен өмір сүре алмайды. Өйткені көздеген мақсатының, ойлаған мұратының жолында неден де болса қайту жоқ», – дейді.

Иә, Шәкең дәл осындай жан. Алматыда отырып, ел жаққа елегізіп жүреді. Қостанай сахарасында болып жатқан уақиғаларға, құбылыстарға құлағын түріп, ел тынысын біледі. Қостанай, Рудный сияқты қалалардың құрметті азаматы, тек атақ қана емес, ел алдындағы жауапкершілік деп танитын Шәкең өз қарызы мен парызын терең түсінетін адам.

Бірде Шәкең, Алаш зиялылары қазақ еліне автономия алып бермекші болған кезде еліміздің ішіндегі орыстардың қолдау көрсетуге талаптанғанын айта келіп: «Шіркін-ай, бабаларымыз бәрін де ойластырған, алып-қаштылыққа салмаған, ел қамын ойлаудан танбаған, әдіс-амал, күш-өнерді қатар жұмсап, қайрат қылған. Осы күнгі кейбір ұр да жық, кіресілі-шығасылы есі бар інілеріміздің кейбірі сол орыстарды «келімсек» деп кемітіп, баяғы отаршылық заманының қармысын бүгінгі ұрпақтан алғысы келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының ұрпақтар сабақтастығы туралы концепциясы ойға қонады…» – деген еді.

Ұлт ұстазы Ахаң қайраткерліктің іске, әуреге жараған екі түрін айта келіп: «биік нәрсе қандай сәулетті, көзге көрнекті, көңілге тамаша көрініп сұқтандырса, таңдандырса, төмен нәрсе өзінің төмендігімен, ұсақтығымен көзге күйкі, көңілге олқы көрініп, күлкіңді келтіреді», – деген екен жарықтық. Шәкең ағамыз іске жаратылған биік тұлға, ойшыл, сыршыл қайраткер «көзге көрнекті, көңілге тамаша көрінетін» биік бойы бар, терең ойы бар, жанын арына садақа қылатын ел Азаматы. Жаңа заманда берекесіз сөзі көп, үлгісі мен өнегесі жоқ жандарға Шәкең аянышпен қарайды, биік азаматтық тұрғыдан ел мақсатын саралайды.

Страница 4