Жаныбеков Шангерей. Өнегелі өмір. В. 31 - стр. 3
Аға деп кішіге пана, ақылшы дана жанды айтады.
Аға деп сүттен ақ, ініге жақ жасы үлкенді айтады.
Қазақ: «Аға жақсы болса – панасы бар, жаман болса – жабылған жаласы бар», – деп ағаны екіге бөледі.
Аға қандас бауырың ғана емес, ақылымен, ісімен, халыққа, елге сіңірген еңбегімен танылған жасы кіші болса да, жолы үлкен жандар болады.
Кең мағынада олар елағасы, ауылағасы, мәжілістің төрағасы т.б. болуы мүмкін. Қазақ атам: «Ауылдың ақсақалды ағаларының қарасақалды ағасы бар», – деп, жасына қарамай, елге танылған ел ағасы барын айтуы осыдан.
Ендеше «Аға» болудың жөн-жосығы әрқилы. Өз ағаң елағасы болып танылса, қандай ғанибет.
Менің өзіме тетелес елағасы болған бауырым Оразалы бұл күні дүние салып кетті. Ағамның құрдастарының қан майданнан аман оралып, еліне еңбек етіп, есімдері танымал болған достарының бірі, бір де болса, бірегейі Шәңгерей Жәнібекұлы бүгін 75 жасқа келді. Орекең тірі болса әбігерленіп, қатты қуанар еді-ау. Марқұм Орекең жүрген жері базар еді. Әсіресе, оның әзілі Ғаббас ағамен (ақын Жұмабаев) қатты жарасатын. Әубәкір ағамен (Қасымханов) әзіл-қалжыңы белгілі бір шектен аспайтын. Ал, Шәңгерей Жәнібекұлымен сыпайы ғана әзілдесіп, айтпай түсінісіп, қыз мінезді, сегіз қырлы, бір сырлы досын әзіл-оспаққа қимайтын еді.
Шәкең, шын мәнінде, қазақ зиялыларында сирек кездесетін жан. Шәкеңді «сегіз қырлы, бір сырлы» Азамат деу орынды болар еді. Ол – кішіпейіл, қанағатшыл, еңбекшіл, кешірімшіл, қайырымшыл, ұлтжанды, оптимист, гуманист. Оның сыры – адалдық, тазалық.
Шәкең – Совет дәуірінің перзенті. Бүкіл Торғай өңіріне есімі танымал Қарпық әулетінен. Аумалы-төкпелі Совет дәуірінде көзі ашық, оқыған Қарпық балалары туған жерді ертерек тастап, Ресейге, кейбірі Қазақстанның оңтүстігіне ойысты. Қай жерде өмір сүрмесін жастарын оқытты. Шәкең орысша хат танып, медицина техникумын бітірген кезде қан майданға аттанды. Алапат соғыстан аман-есен елге оралды. Комсомол, Совет, партия ұйымдарында еңбек етіп, Қазақстан Советтік Социалистік Республикасының Министрлер Советі төрағасының орынбасарлығына дейін жоғарылады, елағасы атанды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтүрсынұлы қас қайраткер деп «оқталғанынан қайтпайтын, ұмтылғанынан тайынбайтын, көздегенінен күдер үзбейтін, азға айналмайтын, зордан-зорға, артықтан-артыққа ұмтылатын, жамандыққа жасымайтын, мұқтаждыққа мұқалмайтын» қайратты, жігерлі, жетелі, ынталы жанды айтыпты. Осы қасиеттердің біразы Шәкеңе тән. Тоталитарлық жүйе кезінде барынша сақтыққа үйренген Шәкең осы қасиеттерді тек асқан байсалдылықпен ойланып, толғанып жасайды.
Ол Совет партократиясының ішінде жеке дара көрінетін. Еңбекті ғылыми негізде істеуге ұмтылатын. Билігім бар деп күш көрсетпейтін, сабырлылық танытатын. Телефон арқылы ма, жүзбе-жүз сөйлескен кезінде ме, оның қоңыр даусы бір келкі шығатын. Эмоцияға салынбай, істің мән-жайын толық түсініп алғаннан кейін ғана мәселе күн тәртібіне қойылатын. Өмір бойы оқумен, зердесіне тоқумен мәртебелі қызмет орнына сай болуға ұмтылыс жасау – өмір сүру қарекетіне айналған-ды.