Мейрхан Абдильдин: Өнегелі өмір. Вып. 22 - стр. 9
Менің осылайша ЖСТ мәселелерімен қызыға-қызыға шұғылданып жүргенімде, аспирантураның бірінші курсының қалай өтіп кеткенін де байқамай қалыппын.
Жылдың аяғында институтта аспиранттарды аттестациялау комиссясының жұмысы басталды. Комиссияның бастығы УССР ҒА академигі А.П. Комар деген шал мынадай екі шешім қабылдау керек деді. Бірінші – Абдильдинді физтехтың аспирантурасынан шығару керек. Себебі, бұл аспирант бір жыл бойы ғылыми жетекшісінің берген тақырыбымен шұғылданбай, басқа, ЖСТ мәселелерімен шұғылданған. Екінші – Абдильдиннің болашақта өзіне ұнайтын ЖСТ мәселелерімен шұғылданғаны дұрыс болар.
Менің алдыма қиын Гамлет сұрағы пайда болды: бүк не шік?
Осы қиын кезде менің ғылыми жетекшім профессор Л.А.Слив үлкен адамгершілік жасады: «Сенің ЖСТ-дағы жасаған жұмыстарыңды, ойларыңды университеттегі академик Фокқа көрсетейік, айтайық» – дегені. Сөйтсе профессор Л.А.Слив кезінде кандидаттық диссертацияны осы Фоктан қорғаған екен. Ал, Фокпен дұрыстап танысайық. Атақты Капица Сталинге жазған хатында: «Фок және Ландау Кеңес Одағының ең ірі физиктері» – дейді. Кезінде Геттингенде – математиканың Меккесінде – Фокты «Орыстың математикалық зеңбірегі» – деген. Мәскеудің мемлекеттік университеттерінің студенттеріне арналған «Квантовая механика» деген оқулығына УССР ҒА-ның академигі А.С. Давыдов былай дейді: «Атомдық және ядролық құбылыстарды түсіндіретін ғылымды кванттық механика дейді. Осы ғылымның негізін салғандар: Бор, Шредингер, Гейзенберг, Дирак, Фок және Паули» – делінген. 1937 жылы 18 ақпанда Ленинградта талантты жас ғалым Фок тұтқынға алынады. Келесі күні Капица Сталинге мынадай хат жазады: «Фокты осылай қорлау біздің елдің және шет елдердің ғалымдарының арасында үлкен наразылық тудырады. Осы жағдайды Эйнштейнді Германиядан қуумен ғана салыстыруға болады». Осындай хаттан кейін, бір ғажабы, Сталин Фокты қолма-қол босаттырып жібереді.
Ал ЖСТ-ға келсек Кеңес Одағында бұл салада Ленинградтық Фок пен Фридманнан асқан оқымыстылар болған жоқ.
Сонымен не керек, бір күні біз профессор Л.А. Слив екеуміз данышпан Фокқа келдік. Мен жүрегім лүпілдеп, қысылып, сасып әзер дегенде ойымды Фокқа айтып шықтым. Мәссаған ғажап, бір мезгілде ұлы ғалым өзімен-өзі күбірлеп: «Менің де жас кезімде осыған ұқсас ойларым болып еді. Бірақ оларды зерттеуге қолым тимеп еді. Мынау жас жолдас аспирантураны менде өтсін. Мен ғылыми жетекші болуға келісім беремін» – дегені. Менің де, Сливтің де ауыздарымыз ашылып қапты. Әп-сәтте, аяқ астынан мен Фоктың оқушысы болып шыға келдім. Ғажайып! Фантастика!
Бір жақсы жері математиканы тәп-тәуір білуші едім. Бұған себеп ҚазМУ-да жүргенімізде бізге жоғары математиканы Б.Т. Төлегенов деген доцент, өте талантты педагог берген еді, екінші – өз бетіммен ізденудің арқасы.