Размер шрифта
-
+

Мейрхан Абдильдин: Өнегелі өмір. Вып. 22 - стр. 11

Тағы бір жәйт. 1988 жылы жазда мен қазіргі белгілі хирург – академик М.А. Алиевпен Кисловодскіде дем алып, енді Алматыға келсем, қалада ҚазМУ-дың ректорын сайлау өтіп жатыр екен. Мұндай демократиялық сайлауға дүмпу болған М.С. Горбачевтың демократия және жариялылық деген саясаты себеп болса керек. Үміткерлердің (кандидаттардың) ішіне мені де қосып қойыпты. Ол кезде ректордың, проректордың және деканның орнына резерв дайындайтын тәртіп болатын. Мен сол ректордың қызметіне бірінші болып резервте тұрғанмын. Демократияны сақтау үшін мені кіргізбесе болмайды екен. Сонымен не керек ректордың орнына 10 үміткер жиналдық. Біраз сынақтардан өттік. Ақыры ҚазМУ-дың кеңейтілген үлкен ғылыми кеңесіне төрт адам түстік. Ойламаған жерде, тіпті бірінші турда, үлкен басымдылықпен ҚазМУ-дың ректоры болып сайландым. Халықтың көзқарасы осылай болды, ал бастықтардың өкілдері (Орталық комитеттің, обкомның және жоғары білім беру министрлігінің) бірі де мені құттықтамады. Мұның себебі, олардың өздерінің өткіземіз деп жүрген адамдары болған екен.

Менің негізгі ғылыми еңбектерім, жоғарыда айтылғандай, ЖСТ-дағы денелер қозғалысының күрделі мәселелері. Біз осы теориядағы денелердің ілгерілемелі және айналмалы қозғалыстарының релятивтік теңдеулерін негіздедік. Эйнштейннің гравитациялық теориясының механикасының мәселелерін зерттеудің жаңа әдістерін бердік. Жалпы салыстырмалық теориясындағы денелер қозғалысының адиабаттық теориясын құрдық. Дененің өз өсінен айналысы жөніндегі мәселені зерттеуде гидродинамикалық аналогияны пайдалануға болатынын көрсеттік. Эйнштейннің жалпы салыстырмалық теориясының негізгі күрделі мәселелерінің бірі: өз өсінен айналатын екі денеден тұратын жүйенің қозғалысы туралы есепті шештік. Бұл жолда белгілі асимптоталық жуықтау теориясын кеңінен пайдаландық. Гравимагнетизм гипотезасын кіргізіп, жалпы салыстырмалы теориясындағы Эйнштейннің белгілі теңдеуінің интерпретациясын өзгерттік «On Interpretation of the Einstein Equations in General Relativity» (Gravitation & Cosmology6 Vol.5 (1999), No.3 (19). Pp. 219-221).

160-тан астам ғылыми мақалалар және үш монография жаздым. «Эйнштейннің гравитациялық теориясының механикасы» деген алғаш монография (Ғылым баспасы, 1988) ЖСТ-дағы қозғалыстың күрделі мәселесіне арналған Қазақстандағы бірінші кітап.

Республикамыз үшін приоритетті «Теориялық физика» деген фундаменталды ғылыми-зерттеу бағытын ұйымдастырдық. «Гравитациялық, электромагниттік, күшті және әлсіз әсерлесулерді теориялық зерттеу» деген ғылыми бағдарламаға ғылыми жетекші болдым. Алынған ғылыми нәтижелер біздің (авторлар: М.М. Әбділдин, Ф.Б. Баимбетов, М.А. Жүсіпов, Т.А. Қожамқұлов, Т.С. Рамазанов, М.С. Омаров) «Теориялық физикадағы фундаменталды әсерлесулерді зерттеудің күрделі мәселелері» деген монографиямызда келтірілген (Қазақ университеті баспасы, 1997). 2006 жылы «Жалпы салыстырмалық теориясындағы денелердің қозғалыс мәселесі» атты монография жарық көрді («Қазақ университеті», 2006 ж.).

Страница 11