Мейрхан Абдильдин: Өнегелі өмір. Вып. 22 - стр. 7
Меніңше, бұның себебі мынада болуы керек. Ол кезде физика-математика факультетінің физика бөлімі тек орысша болатын, қазақ бөлімі болмайтын. Оқуға түсерде біз сегіз емтихан тапсыратынбыз. Оның үшеуі орыс тілі – әдебиет, тіл, шығарма. Орыс, қазақ деп бөлінбейтін. Сондықтан, қазақ ауылдарынан, қазақша мектеп бітіріп келген біз сияқты балаларға орыс тілінен үш емтихан тапсырып, орыс балаларымен конкурсқа түсу өте ауыр да, әділетсіз де жағдай болатын. Оны ойламайтын орыс баласы жазған қазақтарды физикаға таланттары жоқ деп айыптайды. Айтыс қызады. Бір мезгілде қазақ баласы өз бөлмемде тып-тыныш ұйықтап жатқан мені оятып, қоярдан қоймай, дедектетіп айтыс болып жатқан жерге алып келсін. Мен де бұл айтысқа белсене кірістім, бір мезгілде, қызып алғаным ғой, біздегі оқуға түсер алдындағы алатын емтихандар тәртібі дұрыс емес, әділ емес, бұндай бостандық – буржуазиялы бостандық деппін. Тағы да біраз нәрселер айтқаным болуы керек, әйтеуір осы әңгімені мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне жеткізеді. Бұлар менің сыртымнан тоғыз айдай бақылау жасаған көрінеді. Әйтеуір, құдай сақтап, басқа мұндай әңгіме болмағанға ұқсайды. Екінші бір жақсы болғаны, бұдан біраз жылдар бұрын КОКП-ның 20-шы съезінен кейін, 19-ға дейінгі жастарды саяси мәселелерге байланысты түрмеге жабуға болмайды деген өкіметтің қаулысы бар екен. Сөйтіп, не керек, менің жеке мәселем курстың кеңейтілген комсомол жиналысында қаралатын болды. Бұл жиналысқа қауіпсіздік комитетінің адамдары да қатынасты. Үлкен жиналыс болды, студенттер қыза-қыза сөйледі, соңында не керек, тамаша орыс достарым – С.П. Пивоваровтың, Э.Я. Вильковискийдің, Е.М. Якушевтің, т.б. студенттердің арқасында бұл жиналыс мен үшін дұрыс бітті.
Бірақ, жиналыстан кейінгі жағдайда мен біраз опық жедім. Бірінші – маған: «Жолдас Абдильдиннен 5-курста оқыған кезінде ұлтшылдық байқалды. Бұл жағдай 5-курстың комсомол жиналысында қаралды» деп мінездеме берілді. Екінші – қызыл дипломнан айырылдым. Жоғарыда айттым ғой дипломдық жұмысты беске қорғап, алда физикадан мемлекеттік емтихан ғана қалған деп. Дәл осы екі арада әлгі ұлтшыл деген пәле басталды, қайта-қайта қауіпсіздік комитетіне шақырады, «байтал түгіл бас қайғы» – дегендей, емтиханға дайындалуға мүмкіншілік болмады. Басқа топпен тапсырайын деп рұқсат сұрап көріп едім, ешкім тыңдамады, не керек, дайындалмай физикадан болатын мемлекеттік емтиханға баруға тура келді. Емтихан билеттерінде үш сұрақ бар: біреуі – теориялық физикадан, екіншісі – атомдық физикадан, ал үшіншісі – ядролық физикадан. Жауап бердім. Теориялық физикадан (кафедра меңгерушісі доцент Н.М. Петрова) – бес, атомдық физикадан (кафедра меңгерушісі, доцент П.П. Полатбеков) – бес, ал ядролық физикадан (кафедра меңгеруші профессор Чердынцев В.В.) – үш. Бұл профессор мен жауап берген кезде: «Саған орыстар не істеді» – деп, маған тап берді. Ақыры не керек жалпы баға төрт болып, менің бес жылғы оқуым далаға кетті де, мен қызыл дипломсыз қалдым. Үшінші – жоғарыда айтқандай мені аспирантураға қалдырған, енді осының бәрін жойып, мен Краснояр өлкесіне үш жылға бір мектепке мұғалім болып баратын болдым. Көнбеуге шама жоқ, бұның бәрінің осылай тыныш біткеніне шүкіршілік қылып жүрмін.