Болмаған балалық шақ - стр. 7
Құтыла алман одан мен…
Дымқылданса жанарым,
Өлең жазу тек қана – құтылатын амалым.
Көңіліме көп сурет жабысқанда баттасып,
Мен көремін күнде осы көріністі, қысқасы:
Сақалынан іңірдің шашыраса қызыл нұр,
Аппақ үйді көремін,
Шөлмектерін тізілтіп,
Тұрғындары той жасап жатады ылғи мәз болып,
Жымиысып алады, мұңдануға аз қалып.
Шатырына сол үйдің жетім құстар қонақтап,
Үнсіз ғана отырар, жан-жағына алақтап.
Әткеншектің зарлы үні жұбатады тек мені,
Күлкісіндей сәбидің нұр кернейді өкпені…
Сол бір елес, білемін – өң мен түстің арасы,
Аула ішінде бір сәби былдырлайды, адасып.
Былдыр-былдыр сөйлеуі жүрегіме тым жақын,
Жазғым келер сондағы қызылсары құмға атын.
Былдырлайды маған ол, екі дүниеде қымбаттым,
Өлімнен де тым қиын оған бірақ тіл қату.
Сол бейнені (түр-түсі – өз әкемнен аумаған)
Іздейтұғын боп алдым тұман басқан ауладан.
Ағам еді ол менің, елес іші қамалған,
Мүлде бөтен кеңістік жолатпайды мені оған.
Қайран менің аулада, құмда ойнаған жолдасым,
Қолын бұлғап тұрады, ағылғанда көз жасым.
…Аппақ үйдің алдында иіскеп алып басынан,
Ертіп кетер оны әкем, жұлдыз ағып шашынан…
Құдайдың баласы
Шешем бір жылдан кейін күйеуге шығатын болды. Бұл мен үшін мүлде күтпеген жайсыз хабар еді. Марқұм нағашы апамның: «Мамаңды бір жақсы аға үйіне әкетеді, сол сенің папаң болады», – деп жатқаны жадымда.
Әке болудан әдірам қалғыр әлгі «жақсы ағамыз», елу жасына дейін жылқы бағып, дала кезген, адамдармен араласпағасын түз тағысына айналған, қарабайыр һәм қатал адам екен. Елу жасына дейін әйел мен бала дегенді білмеген дүлейге менің шешемді зорлап қосқан сияқты. Шешемнің қалыңмалы ретінде нағашы апамның босағасына бір қара бие байланды. Сол қарыны қампайған қара биені сұмдық жек көретінмін. Ешкім жоқта қорада тұрған байғұс жылқыға алыстан тас атамын. Сөйтіп, менің шешеме айырбасталған жануардан өш алғандай боламын.
Шынымен бір күні шешем ақыры үйден кетіп тынды. Есімде қалғаны той болатын күні мені үйге қамап тастады. Түні бойы я қорқыныштан, я қорланғаннан, я шешемді қимағаннан ба, ұзақ жыладым. Ертеңгі күні тойдан әкелген бауырсақты жеп, өксігі басылмай отырған мені Маржан әпкем жұбатқансыды: «мамамыз барған үй үлкен екен, болашақ папамыз бай екен, бәрімізді жарылқап тастайды екен», – деген сөздерді айтып, өзі де қыстыққан жасын жасыра алмай жылап жіберді.
Күннен күн, аптадан апта озып жатты. Мен болсам, көзім бозарып нағашыларымның үйінде әлі жүрмін. Шешем анда-санда келіп тұратын. Кейін онысы сирей бастады. Соған қарағанда, қара қайыстай күйеуі жібермейтін болуы керек деп ойладым.
Бестен асып алтыға бет алған кезім. Күнде бір ермек тауып алып, ағам мен анамды ұмытуға тырысып жүрмін. Түк етпейді деп қоям, өскесін мамамды анабір сорайған сұмырайдан құтқарып алам деп өз-өзіммен серттесемін. Сол ұлы жорыққа аттану үшін, ағаштан қылыш жасап, садақ иемін. Күнде кешке қарай қысқа көшенің ана басынан мына басына дейін жүгіріп жаттығамын. Мен бір күні анамды құтқарамын!