Размер шрифта
-
+

Болмаған балалық шақ - стр. 9

Кейінгі уақытта, бұл жалғанда қарасы көрінбейтін әкені сағыну сезімі пайда бола бастады. Сол кісінің рухынан медет тауып, іштей сырласатын едім. Әр күнім мен үшін ғасырдан да ұзақ болатын. Әсіресе, кеш қарайған кезде өзімді қоярға жер таппай, ғаламат аласұратын болдым. Тезірек ұйықтауға асықсам да, маза бермейтін сансыз ойлар мен жанымды жегідей жеген сағыныш, тағдырдың жасаған әділетсіздігіне деген ыза бойымды билеп, ұйқымды қашыратын. Тәнімнен гөрі, санамның тез есейіп келе жатқанын мен сол ұзақ-ұзақ кештерде өте жақсы түйсінгем. Ауладағы балалардың сөздері сәбидің былдырындай әсер ететін болды. Еш менсібеймін. Сөйлескім де келмейді. Ойындары да қызық емес. Мұның бәрі жалғыздықты одан әрмен үдеткенін сізден несіне жасырайын, қадірменді оқырманым.

Адам қандай жағдайға түссе де көнеді екен ғой. Егер ол қуанышты жағдай болса, оны тудырған уақыт лезде жоғалады. Қиын жағдай болса, созыла береді. Менің балалық шағым да созылмалы дерттей бітпей қойды, өтпей қойды.

Өзім де ержетпей қор болдым. Кілет үйдегі (біздің елде артық-ауыс заттар тұратын қойманы «кілет үй» деп атайды) бағанаға сызып қойған межеге бойым әлі жетер емес. Турникке тартылып, сәбіз жесем де, бойым сол қалпы. Ал ойым бойымнан әлдеқайда өсіп кеткен. Сыртым – бала, ішім үлкен адам боп қақ жарылдым.

Ертерек ержетсем, мына адамдардан, мына үйден, мына ауылдан қарамды батырамын деп ойлайтынмын. Алматыда дүниеге келсем де, ол кезде менде қала туралы түсінік мүлде жоқ қой. Барлық ойым: әйтеуір үлкен адамдар сияқты бөлек тұру, ызғарлы жанарлар қарасынан құтылу болатын.

Алайда ол күндер әлі тым алыс еді. Ол күндерге жеткенше әлі талай қызық пен теперіш көруім керек екенін мен ол кезде әрине білген жоқпын.

Дегенмен бұл дүниеде мейірім бар, достар! Мәселен, нағашы апам мені керемет жақсы көретін. Менің әкем жайлы қызықты әңгімелерді де сол кісі айтатын. Тұңғыш күйеу баласын өз ұлындай көргендігін жиі айтып отыратыны жадымда. Есімде қалғаны, нағашы апам зауыттағы станокқа қырқып алған шолақ саусақтарымен күнұзаққа картоп аршып отыратын. Ырғағы әдемі бір әнді ыңылдап отырушы еді, жарықтық.

Сөйтіп жүргенімізде, кейінгі күндері нағашы апам мені «Құдайдың баласы» деп атайтынды шығарды. Бала болған соң, ойнап жүріп бірдеңені бүлдіріп қоясың. Онсыз да жүрегің езіліп жүргенде, қырсығып, айтқанды тыңдамайсың. Сондай кездерде нағашыларымның бірі қабағын шытып ұрысса, апам: «Әй, тиме оған, ол Құдайдың баласы емес пе!» – деп бетін қайтарып отыратын. Бір емес, екі-үш рет естідім. Беті жұп-жұмсақ, қызылшырайлы әжелер келіп, шай ішіп отырғанда: «Еее, Құдайым-ай, аман болсыншы әйтеуір! Енді бұл Құдайдың баласы ғой…» – дегенді тағы да естігем. Сонда мен «неге Құдайдың баласы? Ол кім Құдай деген?» деп ойлайтынмын. Апамнан осыны сұрайыншы деп жүргенде, өзі бір күні мені айналып-толғана қалды.

Страница 9