Размер шрифта
-
+

Болмаған балалық шақ - стр. 2

Үржар – қалың найман мен керейдің байырғы құтты мекені. Шығысында Тарбағатайдың тәкаппар шыңдары осы бір сұлу өлкеге ерекше бір асқақтық беріп тұратын. Үржарда адам баласының көңілді өмір сүруіне Тәңірім барлық жағдайды жасап қойған.

Біз осында тұратын болдық.

«Үлкен үй» деп аталатын үй – нағашы әжем, анамның үш інісі, бір сіңлісі тұратын қарашаңырақ. Үш нағашы ағамның да енді-енді шаңырақ көтеріп жатқан кезі екен, әжем зейнет жасына шыққан кісі, анамның сіңлісі бойжеткен қыз еді. Ортасынан кіретін есігі, бірінен біріне кедергісіз өте беретін үш бөлмесі бар, ескі, ұзынша үй. Алдында үлкен ауласы бар, картоп, сәбіз тағы басқа көкөніс егілген бақшасының сыртында жылтылдап өзен ағып жатыр. Өзеннің жағасы кішігірім тоғай. Осындай қоңыр тіршілік кешіп жатқан ағайынның үстіне төрт кісі боп біз кірдік.

Бұл үйдегі алғашқы кезең төрт жастағы менің есімде қалмаған екен. Тек кішкене ес кіре бастаған шақта білетінім: көрші-қолаң, туыс-жекжат мені «қияли бала» деп атайтын. Оның өзіндік себебі де бар еді. Үлкендердің айтуына қарағанда, мен маңайдағы тәмам жұртты жинап алып, «өзім бастан кешкен» таңғажайып оқиғаларды баяндайды екем.

Мысалы былай. Біздей пақырға басқа планеталарға шеккен сапарлар жайлы таңды таңға ұрып, елді еш шаршатпай әңгімелеп беру аса қиынға соқпайтын. Немесе, сол кездегі КСРО-ның таңбамаңдай басшысы Михаил Горбачевпен өткен неше дүркін кездесулерімнің нәтижелерінен хабардар қылып жүру маған бұйым емес еді. Ол ол ма, менің әңгімемді қызықтаған қауымға үйдің қасындағы тоғайдан кинодан атын жиі еститін Гитлермен кездесіп, әңгіме соққанымды паш етемін!

Жұрт ду күлісіп, «айт, айта түс, айт!» дегендей, менің «естеліктерімді» тыңдау үшін үйінен арнайы ала шыққан кәмпит пен пірәндікті жейдемнің етегіне уыстап төгеді. Әлгілерді ауызымды бұлтыңдатып жеп алған соң (мен де адаммын ғой!), шөлдей бастаймын. «Әңгімемді ертең жалғаймын» деп міндетсіне тамағымды кенеп ишара білдіруім мұң, жақын маңайдағы дүкендерден лимонад әкелінеді. Бұл кезде пақырыңыздың қиялына жарықтың өзі жете алмай шексіз кеңістікте жыландай ирелеңдеп аласұратын ғой! «Тархун» әкелінсе (сол кезде ол лимонадтан қымбатырақ тұратын), мен, сөзсіз, жаңа, тың «естеліктеріме» көшем.

«Тархунның» тәтті дәмінен хабар берген жасыл шиша маған кәдімгідей шабыт сыйлайтын. Көк шишаның «пышшш!» етіп ашылған дыбысы біздің санаға «анабір әңгімені баста» деп белгі беретіндей.

«Тағы не айтар екен?» деп ауызы аңқиып қарап тұрған ақ жүрек ағайынға сол сәтте көзіммен көріп, өз тілінде тілдескен Қар адамы туралы қызықты ертегімді бастап кеп жіберем! Мен сонда, бәлкім, Қар адамының Тарбағатайда, адам аяғы жетпеген шыңырау, шатқалдарда, тұмса табиғаттың құшағында сүріп жатқан ғажайып өмірі туралы, оны көрген адамдардың айтқан әңгімелерін там-тұмдап естіген болуым керек. Ары қарай қиялдың шаруасы еді…

Страница 2