Размер шрифта
-
+

Болмаған балалық шақ - стр. 4

***

Қиял-ғажайып әңгімелер мен өзім ойдан қиыстырған ертегілерімді айтып тапқан нәпақамның тең жартысын міндетті түрде науқас ағама әкеліп берем. Ол өз кезегінде маған салған суреттерін сыйлайтын.

Ағамның аты – Данышпан.

Менен екі жас үлкендігі бар. Нағашыларым оны «қаршадай боп алып үлкен кісілердің әңгімесін айтатын», – деуші еді. Туғанынан мүгедек боп қалған Даныш, күнұзақ отырып сурет салатын. Үнемі қабағы түйіліп, әлденелерді ойлап отыратын. Мен оның салған суреттеріне сүйсінуші едім. Бірде ол маған дәптердің бетіне салынған гүлдің суретін сыйлады. Шетіне «Бауырым Ақберенге ағасы Даныштан», – деп жазып қойыпты. Оны мен хат таныған кезде оқыдым. Мектеп түгілі, балабақшаның табалдырығынан аттамаған ағам сол кезде өздігімен қара танып, оқуды үйреніп алған. Әлгі суреттегі гүл тап бір тірі гүл сияқты еді-ау. Әлі есімде, жататын кереуетімнің басына іліп қоятынмын. Таңертең оянған кезде ағама: «Дәкай, қарашы, сен салған гүл жел өтінде тұрғандай ырғала билеп тұр!» – деп таңқалатынмын. Ол соған мәз болушы еді… Ал, мен болсам, ол суретті жоғалтып алдым. Әлі күнге дейін суретті сақтай алмағаным есіме түссе, өзімді жүндей түтемін.

Данышпанның дерті – қарғыс атқыр КСРО-ның басшылығы жасаған Семей полигонының зардабынан пайда болған ауру. Әкеміз Шұбартау ауданының тумасы болғандықтан, сынақ полигонына жақын жерде туып-өсті. Тіпті, оның өмірден ерте кетуі де осы ядролық сынақтардың салдарынан болды деп ойлаймын. Атам (ол кісі жайлы алдыңғы бөлімдерде баяндайтын боламыз) айтып отыратын: бала кезімізде Шыңғыстау жақтан алып саңырауқұлақ секілді жалын көтерілгенін талай көргенбіз. Сосын қораның төбесіне шығып алып жарылысты қызықтаймыз деп, бірнеше бала жалбырап күтіп тұратынбыз. Пәленбай шақырым жерде әлгі күл мен оттан жаралған аждаһа көкке көтерілгенде дем арасында біз тұрған қораның төбесіне бір қуатты толқын жетіп келетін. Жетіп келетін де, дауыл соққандай екпінмен бізді қораның төбесінен домалата құлататын. Біз соған мәз боп күліп жатушы едік. Кейін зардабын әбден тарттық қой, – дейтін.

Есімде, жаз шықса, атамның бет-ауызы қып-қызыл боп бөртіп, көзі жабылып, жүзі күп боп ісіп, түрі құбыжыққа ұқсап кететін. Атамның біз үшін үйреншікті бұл бейнесі күзге дейін жалғасып, біртіндеп қайтатын. Ядролық сынақтардың зардабы тұқым қуалайды деп оқығам. Сол апайым екеумізді айналып өтіп, Данышпанға келгенде аяушылық танытпапты. Кейін естідік, әкем көзі тірісінде Данышпанды Мәскеуге апарып емдетем деп біраз әрекеттеніпті. Өкінішке қарай, үлгермеді. Ол үшін салқар кезекке тұрып, қол жетпес квоталар алу керек екен, қысқасы, машақаты көп шаруа дейді. Әлде сол кездің қанқұйлы саясатының ұстанымы бойынша дәрігерлер полигонның әсерінен мүгедек боп қалған балаларды эксперимент ретінде зерттеп, әдейі емдеуге асықпаған шығар. Ол жағы маған беймәлім. Бірақ жүрек құрғыр соны сезеді. Әкемізді де Үкімет жыл сайын шипажайға жіберіп, үнемі анализ алып отыратын деп айтатын шешеміз… Әкей кеткен соң, Данышпан кімге керек?! Шешемнің түрі болса – мынау. Мынандай жағдайда ауру баланы емдетпек түгілі, артық қимыл жасауға жағдайы жоқ, туыстарын паналап отыр.

Страница 4