Размер шрифта
-
+

Болмаған балалық шақ - стр. 13

Бір күні Олешканың әкесі су жаңа велосипед сатып алып берді баласына. Жалғыз велосипед. Ол да бала емес пе, жарқыратып көшеге шыға келді. Үймелеп қасына бара қалдық. Сипап ұстап, көріп жатырмыз. Қызығып тұрмыз. Маған велосипед жоқ екенін бірден түсіндім. Жүрегім шым ете қалды.

Олешкада бөтен ой жоқ, «темір тайына» қарғып мініп ап, көше бойымен зырылдай жөнелді. Жұрттың балалары күбірлесіп, әркім өз ойынымен тарап жатыр. Менің көкірегім ашып кетті. Ешқандай ой жоқ, состиып тұрып қалдым. Состиып тұрып қалдым да… кенет Олешканың артынан қуып бердім. Ол жеткізбей заулайды. Мен жанталасып соңынан жүгіріп келем. Бір заматта іштегі шер сыртқа жас боп ыршып шықты. Көзімнен жас парлап, жүгіріп келем. Олешка мені көріп бара жатқан жоқ. Ол бақытты бала! Ол мәз. «Темір тайының» жүрісі неткен әсем! Дөңгелектері неткен жіңішке еді, «темір жануардың!». Екеуі біте қайнасып, сондай үйлесімді қимылдайды. Шіркін-ай, десеңші!

Жылап жүгіріп келем, неге жылап келе жатқанымды өзім де ұқпаймын. Қазір қалып қойсам, мәңгіге қалып қоятын сияқтымын. Қайда қалып қоям, неге қалып қоюым керек, ол да беймәлім. Дымымды шығармай, жылап, жүгіріп келем. Өкпемнің өше бастағанына мән берер емеспін. Әйтеуір қалмау керек.

Олешка автобаздың қасынан кері бұрылды. Мен де жеттім. Беті-ауызым айғыз-айғыз боп кеткен болу керек, Олешка түріме бажырая қарады. – Что с тобой? Что с тобой?

– Нет, нет, – дей беріппін.

– На, хочешь покататься?! – деп ол велосипедін ұсынды.

– Нет, нет, – деп, Олешканың иығына басымды қойып жылап жатырмын, жылап жатырмын…

– Ну, не плачь, не плачь! Успокойся. Почему ты плачешь? – деп аң-таң боп ол тұр.

– Незнаю…

Басқа не айтайын саған, Олешкам-ау!? Сен менің шешем де емессің, әкем де емессің. Өзің де мен секілді бүлдіршін бала ғанасың. Не түсінесің сен, Олешка! Қайда саған мені түсіну, досым-ау… Әкең ше? Ол міндетті емес ешкімге. Ол тіпті қазақ та емес қой, Олешка?!.

Үйге құр сүлдерімді сүйретіп қайттым. Олешканың «темір тайына» мінгем жоқ. Өйткені мен ол кезде велосипед тебе алмайтын едім.

***

Жалғыздық – адамға әуелі қорқыныш сезімін сыйлайды екен. Жалғанда өзің ғана секілдісің. Тіршілік біткеннің барлығы саған жау, бәрі саған қауіп төндіретін секілді. Қорқынышты жеңген адам ғана бұл дүниенің төріне шыға алады. Мен де сөйттім. Абалаған итке қарсы жүгірдім. Биік боп көрінген жардан секірдім. Жұдырығын тигізген балаға қарсы атылдым. Ешкімнен қаймықпайтын болдым. Жарақат алсам, жыламайтынмын. Көңіліме тисе, іштей ғана егілетінмін. Іштегі жасқа көбірек малынғаннан ба, әйтеуір, жүрегім ешқашан қатайған емес. Елжірек болсам да, былжырақ болғаным жоқ.

Страница 13