Размер шрифта
-
+

Болмаған балалық шақ - стр. 12

Есік ақырын жабылды. Аулада күбірлеген біреу Маржанды шығарып салып тұрды. Кетті.

Мен көрпенің астында алғашқы жасымды төгіп алдым. Сосын…

Сосын мен өзім бар я жоғына көзім анық жетпеген Құдайға жалбарындым. «Құдай аға, егер мені естіп тұрсаңыз, апайымды үйге қайтадан алып келіңізші! Ол кетсе, маған өте жаман болады. Маған Маржансыз өте қиын! Өтінемін Сізден, Құдай аға!».

Үш сағаттан соң апайым мінген автобус жол ортада бұзылып, Маржаным үйге қайтып келді. Қарабұжырдың Ленині қателескен екен! Әп, бәлем, кім айтты Құдай жоқ деп саған? Ей, қарабұжыр, Құдай бар екен! Алақай! Сөйтіп, апайым тағы бір күн қасымда болды.

Сол күннен бастап мен Құдайдың мейіріміне, Жаратқан Хақ пендесінің дұғасын қабыл ететініне көзім де, жүрегім де анық жеткен еді. Содан бері мен анама да, апайыма да үміт артып, оларды тосуды доғарған болатынмын.

Сол күннен бастап менің жалғыз қорғаным, жалғыз панам – тек жаратқан Аллам болды. Осы күнге дейін. Ертең де солай болары хақ! Мен сол күннен бастап, кез келген пенде құдіреті шексіз, мейірімі шексіз Жаратушының назарында болатынын ұғынғам едім. Шын тілегенге Алланың жәрдемі тез келеді екен.

***

Бұл оқиға 1986 жылдың мамырында болған екен. Арада 26 жыл өткен. Бәріміз Маржанның туған күнінде үйінде жиналдық.

Содан әркім туған күн иесіне ақ тілегін ақтарып, құттықтап жатты дегендей… Кезек маған келгенде, Маржаннан сұрадым:

– Маржан, сен 86 жылы Үржарға көктемде демалысқа келгенің есіңде ме? – дедім.

– Білмеймін, бірдеңе еміс-еміс есімде бар – деп жауап берді.

– Нақтырақ есіңе түсіру үшін былай сұрайын: сол демалыстан Талдықорғанға қайтып бара жатқаныңда автобус сынып, үйге оралып едің ғой? Тағы бір күн болып, қайттың. Солай ма?

– А, иә, иә! Тура солай болған!

– Мхм…

– Үйбай, ол сенің есіңде қалай сақталып қап жүр! – деп апайым аң-таң болды

– Қалай есімде сақталмасын, сені Талдықорғанға оқуға жібермеген мен болатынмын…

– Қалай сонда?

– Құдайдан тілегем.

Сосын жоғарыдағы әңгімені айтып бердім. Солқылдап жылаған Маржанды сол күні әрең жұбатып алған едік…

Олешка

Талдықорған демекші, сол жаққа көшіп кеткен бір көршіміз бар еді. Талдықорған маған ол кезде жұрттың бәрі көшіп жатқан Германияның маңында сияқты боп көрінетін. Кейін ер жеткенде ол ғажап шаһарды талай басып өттік.

Сол Талдықорғанға жалғыз бір сырласым көшіп кетті. Қазір бар ма, жоқ па, Құдай біледі.

Керемет әдемі бала болатын. Аты – Олешка. Заты грек болса да, маған ерекше жанашырлық танытып тұратын еді. Данышпан қайтыс болғанда, үлкендер сияқты маған көңіл айтқаны есімде. Сол Олешка бар ғой, әкесі қалаға кетерде тапсырыс беретін ойыншықтарын екі дана қылып алдыратын. Бір данасы – маған. Әйтпесе, маған ойыншық әперетін адам кәне?!

Страница 12