Бақыт жолы - стр. 21
Бірақ бұған қатысты абыржымаңыз деп айтуға қуаныштымын. Кітапты оқу барысында үнемі осы шындықты есіңізге түсіріп, қайта-қайта сендіріп отыратын болады деп уайымдамаңыз! Біз бұдан әрі қарай жүреміз! Мен сізге осы түпкі ойларды дәл анықтауды және оларды жоюды үйретемін! Көптеген рухани гурулар, тәлімгерлер қайғы-қасіретіңіздің себебі сіз өзіңіз екеніңізді растап, бұның шешімдерін ұсынады, бірақ бұл шешімдердің сізге көмектесетініне еш кепілдік жоқ. Бақытымызға орай, пейнхантингтің көмегімен бұл жетіспеушіліктің орны толтырылады. «Ойлар – материалдық» дегенге сеніп қана қоймай, мұның рас екеніне іс жүзінде бірнеше рет көз жеткізетін боласыз және бастысы, ойларыңыздың көмегімен шынымен де өз өміріңізді оңай және сенімді басқаруды үйренесіз.
Алдыңғы тараулардағы төрт жасар қыздың мысалына оралайық. Жоғарыда айтқанымдай, бірдей жағдайға тап болған әр түрлі адамдар өздері үшін түрлі ұстаным-нанымдарды таңдайды. Бірі өмір бойы өзінің дұрыстығын басқаларға дәлелдеуге шешім қабылдайды, екіншісі – әрқашан осындай жағдайлардан аулақ болуды, ал үшіншісі – дүниеден мүлдем жасырынып, өзімен-өзі болып, тұйықталуды шешеді. Бұларды болжау мүмкін еместей көрінер. Бірақ, біріншіден, сіз осы тараудың соңында, эмоцияларды болжап айтуға болатыны сияқты, бұл ойларды да болжауға болатынын түсінесіз. Екіншіден, осыған дейін орын алған оқиғаларға, яғни бұрын болған жағдайға оралып, сол кезде қабылданған барлық шешімдерімізді еске түсіріп, оларды жойып, жаңа, әлдеқайда позитивті шешімдер қабылдай отыра, сол ойларымызды түзете аламыз.
Егер төрт жасар қызымыз енді ешқашан сурет салмаймын деп шешсе, онда кейін оның шығармашылық өнерінде қиындықтар туындайды. Мысалы, егер болашақта оның досы сурет салуды өте жақсы меңгеріп алса, біздің қызымыз іштей «мен де жақсы суретші бола алар едім ғой» деп қатты қамығады. Немесе оны көркем өнер студиясына жіберсе, ол сурет салуға ішкі қарсылық сезіп тұратын болады. Өйткені, оның жан дүниесінде «сурет салма» деген ой бар.
Қыздың басқа ойлары да болуы мүмкін. Мысалы, ол өзі үшін ешқашан бірдеңені ойластыруға және жасауға болмайды деп шешуі мүмкін. Немесе өнерін анасының алдында ешқашан көрсетпеу керек деген тоқтамға келген болар. Я болмаса, керісінше, егер ол анасының әрекетін әділетсіздік деп есептесе, болашақта анасына өзінің дұрыстығын дәлелдеуге деген қалауы бастан кетпей тұратын болады.
Бұл ойлардың туындауы не нәрсеге байланысты? Адам бұрын болған эмоционалды күйге байланысты. Сонымен, егер қыз бастапқыда қуаныш күйінде болса, онда анасының жәй наразылығы оны бейтарап күйге түсіреді, мүмкін оның көзқарасы да бейтарап болар. Мысалы, ол: «Анам сұрамаған нәрсені жасауға тырыспаған дұрыс» деп ойлайды. Бұл ойы оның жанын ауырта қоймас.