Размер шрифта
-
+

Бақыт жолы - стр. 23

Осы қарапайым мысалдар арқылы мен сізге түпсананың атқаратын маңызды функциясы бар екенін жеткізгім келеді. Бұлар бұйрықтарды сақтау және оларды орындау функциясы! Әр адам түпсанасының осы функциясын интуитивті түрде қолданады, соның арқасында атқару керек әр іс-әрекетімізді қойын дәптерге жазып отырмай көптеген істерді жақсы атқара аламыз.

Бірақ бұл функцияның бір ерекше қасиеті бар. Түпсанаға өзіміз беретін бұйрықтар ешқашан жоғалмайды. Олар сіздің жадыңызда, былайша айтқанда «жазулы тұрады» әрі алаңдаушылық тудырады. Ол смартфон немесе ноутбук сияқты. Егер сіз көп қолданбалар топтамасын ашып, оларды жаппасаңыз, онда оперативті жады өте аз болады, сондықтан сіздің гаджетіңіз қарапайым функциялардың өзін өте баяу орындайтын болады. Үтікпен мысалдағыдай, қолданбаның барлық терезелерін жапсаңыз, смартфоныңыз «тынышталып», кез келген тапсырманы тез әрі оңай орындай бастайды.

Екінші ерекшелік – санамызға берілген командалар, кейде олардың орындалуының енді қажеті болмаса да орындалады! Бұдан сананың дұрыс емес есептеулері пайда болады, ал бұл ең ақымақ әрекеттерге, наным-сенімдерге және нәтижесінде өз істерінен зардап шегуге әкеледі. Бұл болса, өз кезегінде, сәтсіздікке және түрлі ауруларға ұшыратады.

Осы мысалдардың көмегімен сіз бір маңызды ойды түсінуіңіз керек. Түпсанаңыз не істесе де, барлығын сіздің бұйрығыңыз бойынша ғана істейді! Түпсанаңыз ешқашан сізді басқарып отырмайды. Егер өзіңіз рұқсат етпесеңіз, түпсанаңызды бөтен адамдар ешқашан басқара алмайды. Бірақ неге кейде түпсанамыз бізді тыңдамайтындай жағдай болады? Емтиханға үш күн қалғанда, түпсананың оған дайындалғысы келмеген кездері есіңізде ме? Жұмысыңызға қатысты көп іс атқару керек болғанда, саналы түрде диванда демалуды таңдаған кезіңіз есіңізде ме? Аудитория алдына шығып, сенімді сөйлеу керек болғанда, түпсанаңыздың неге екені белгісіз, қорқыныш пен ұялуды қосып, бұның салдарынан қызарып, қолдарыңыз дірілдеп кеткен сәттер есіңізде ме? Егер түпсанамыз біз берген бұйрықтарды қатаң түрде орындайтын болса, онда неге ол кейде бізді тыңдауды қояды? Бұл оның зорығып кеткенін білдіре ме? Әлде шамадан тыс жүктелгені ме? Сонда түпсана жұмысы мінсіз болмағаны ма?

Бұның жауабы қарапайым. Егер түпсанаңыз кейде сізге бағынбай, бұйрықтарыңызды орындамаса, онда сіз оған мұның алдында, қазіргі командаңызға қайшы келетін басқа команда бергенсіз. Бар болғаны осы. Егер сол ескі команданы тауып, одан бас тартсаңыз, онда сіздің түпсанаңыз толық қуатпен қосылады да, қазіргі тапсырмаңызды өте жеңіл әрі тез орындайсыз. Мысалы, бір әйел 15 жасында көлік апатына ұшырап, енді ешқашан көлікпен алыс жерлерге бармаймын, оның орнына пойызбен жүремін деп шешкен делік. Сосын ол бұл ойды ұмытады, 10 жыл өткен соң күйеуі оған басқа қалада тұратын ата-анасына көлікпен баруды ұсынады. Әйелдің алдында бұйырылған «Басқа қалаларға көлікпен баруды таңдама» деген командасы болғандықтан, ол бір түсініксіз қорқыныш пен жайсыздықты сезінеді. Егер бұл қорқынышы күшті болса, онда әйел күйеуін ата-анасына пойызбен баруға көндіруі мүмкін.

Страница 23