Бақыт жолы - стр. 12
Енді сіз қиналу мен азап шегу – жетістіктің катализаторы деген «вирустың» қайдан таралып отырғанын түсінген боларсыз. Шындығында, жан азабының еш пайдасы жоқтығынан басқа, ол санамызда өмірге қатысты бұрмаланған ойларды, ақылға қонымсыз сенім-нанымды, уақыт өте шынайы өз қалауымыздай көрінетін бұрыс қалауларды тудырады. Яғни мұнда, әңгіме адамның жан-дүниесіне тигізер әсері жайлы болып отыр. Ал егер адамның сырт көрінісі жайлы айтатын болсақ, бақыт не жан азабының адамның келбеті, сырт көрінісі мен денсаулығынан көрініс табатынын оңай байқай аласыз. Мұндай белгілерге бүкірейіп қалғаны, асқа тәбеттің болмауы, бетінің қараюы, әжімдер, ұйқышылдық, шаршағандық, ашуланшақтық және көптеген созылмалы аурулар жатады. Құлаққа қаншалықты жағымсыз естілсе де, адамдар жан азабынан қалай арылуға болатынын білмегендіктен, денсаулығынан, жастық шағынан және сұлулығынан айырылып азап шеккендері дамып-өркендеуге серпін беред дегенге шынымен де сенеді.
1.3 тарау. Қалай жарқын бейнелер жойылып, жағымсыз бейнелер пайда болады
Егер сіз азап шегіп қиналудың прогрестің қозғаушы күші емес екенін, керісінше жауыңыз болып табылатынын, сондықтан бұл жаумен жетістікке жету әрі өркендеу жолында күресуіңіз керектігін түсінген болсаңыз, мен сізді құттықтаймын: алға басып дамуыңыз үшін бірінші маңызды қадамды жасадыңыз. Ал енді жан азабының барлық жағымсыз салдарын егжей-тегжейлі қарастырайық.
Бір ананың үш жасар қызын қабырғаға мысықтың суретін салғаны үшін ұрысқаны туралы қарапайым мысалды алайық. Анасы өте қымбат тұсқағаз бүлінгендіктен қапа болып, бірден баланың басынан ұрып жібереді. Ол қызын ақымақ деп атап, қатты дауыспен: «Ешқашан бұдан былай қабырғаға тиісуші болма, ұқтың ба?!» деп сөгеді.
10—15 минут өте анасы бұл оқиғаны ұмытып қалып, еске де алмайтын болар. Алайда дәл осы сәтте баланың жан дүниесінде нендей жайт болды?
Осы сәтте бала санасындағы жарқын бейнелері жойыла бастағанын, оның айналадағы дүние туралы түсінігі қараңғы бола бастағанын түсінген боларсыз. Бірақ мұнда біліне бермес тағы бірнеше жайттар бар.
Осы жағдайда баланың реакциясы қандай болады? Ол қатты ренжіп, жылап жіберуі мүмкін. Немесе ашуланып, бүкіл үйге айғай-шу шығарар. Я болмаса, өзімен-өзі тұйықталып, фломастерге енді қайтып жоламауы да мүмкін. Тіпті ауырып қалуы да ықтимал. Яғни баланың реакциясы біржақты ғана болад деп кесіп айта алмаймыз. Бірақ егер баланы жақсы білетін болсаңыз, онда оның қалай әрекет ететінін 90%-ға дәл айта аласыз.
Мысалды тереңірек қарастырайық. Осы сәтте балаға қандай ой келді? Ол қандай қорытынды жасады? Қандай ұстанымдар пайда болды? Мүмкін ол: «Мен енді ешқашан сурет салмаймын!» деп немесе анасы оның өнерін мақұлдамайды деп шешкен шығар. Тағы мынадай тоқтамға келуі де мүмкін: «Егер болашақта анамның назарын өзіме аударғым келсе, маған бірдеңені бүлдіру керек». Сіз бұл ойлардың алдын-ала нақты болжай алмайтынымызды түсіндіңіз бе? Баланың эмоционалды реакциясын 90% дәлдікпен болжау мүмкін болғанмен, оның санасында пайда болатын ойлар мен шешімдерді болжау өте қиын. Себебі әр бала – жеке тұлға. Бір бала кек алуды ойласа, екіншісі өз дегенінен қайтпай табанды болуды шешеді, үшіншісі мойынсұнғыш болуды және бұдан былай ешнәрсеге ықылыс білдірмеуді ойлауы мүмкін. Көрдіңіз бе, салдары қандай болмақ?