Размер шрифта
-
+

Бақыт жолы - стр. 11

Егер сіз бір кездері депрессияның ауыр түріне ұшыраған болсаңыз, мұндай жұбанышты сөздердің сізге көмектеспегенін білерсіз. Егер бұл жұбанышты сөздер шындыққа жақын болса, ол сізді әрқашан депрессиядан «көтереді» деген сөз. Бірақ егер көмектеспесе, шындыққа сай болмағаны, мұны түсінген боларсыз. Демек, «қиындық пен азап бізге өсіп-өркендеуге көмектеседі» деген сөздер, сізде әлі де өмірлік күш-қуат мен әрі қарай өмір сүруге деген ықыласыңыз болған жағдайда ғана, яғни жағдайыңыз аса ауыр болмаған кезде ғана сізді көтереді. Ал егер күш-қуатыңыз нөлге тең болса, онда мұндай жұбанышты сөздерден келіп-кетер пайда жоқ.

Адамдардың азап шегу пайдалы дегенге сенімді болуларының тағы бір себебі – азап пен тәжірибені шатастырып алуы. Олар бірде-бір қателік жасамауға тырысып, өмір туралы жүз кітап оқығаннан гөрі, қателік жасап, содан сабақ алып, тәжірибе жинаған дұрыс деп ойлайды. Бұл, әрине, бір жағынан шындыққа сай. Расында да, Гималай туралы мақалаларды жүз рет оқып не оларды суреттерден зерттегеннен гөрі, ол жерге бір рет барып, өз көзіңізбен көрген жақсы. Бірақ мұнда ең қызығы, ешкім азап шегу, қиналу туралы сөз қозғамайды! Әңгіме тәжірибе туралы болып тұр. Сіз көкөністерді кесуді үйренбес бұрын, алдымен жарақат алмауыңыз үшін пышақты дұрыс қолдануды үйренесіз, солай емес пе? Сіз пышақпен жұмыс істеуде тәжірибе жинау үшін саусағыңызды әдейі кеспейсіз ғой?! Немесе сіз көлікке, оны айдауды нұсқаушының алдын-ала үйретуінсіз, көлік апаттары арқылы үйренемін деген оймен отырмайсыз ғой?! Келісерсіз, бұл үлкен ақымақтық болар еді.

Бірақ өмірдегі көп мәселелерде дәл осылай болып жатады. Адамдар баланы қалай тәрбиелеу керектігін білмейді, бірақ оны дүниеге әкелуге асығады, мән-жайды іс жүзінде қолданғанда түсінеміз деп үміттенеді. Адамдар жоғалтудан туындаған реніш пен жан азабын қалай жеңуге болатынын білмейді, бірақ қарама-қарсы жыныстағы адаммен қарым-қатынаста болуға асығады. Адамдар қазіргі заманда қалай өмір сүру керектігін білмейді, бірақ өмірдегі қателіктер сабақ болар деп, оқу орнын тезірек бітіруді армандайды. Мектепте өмір сүруге, ақша табуға, балаларды тәрбиелеуге, жақсы күйеу немесе жақсы әйел болуға қатысты білім берілмейді. Сондықтан да адамдар «бәрін іс жүзінде үйренерміз» деген тәуекелді ой-пікірмен өмір сүреді. Жастық шақта адам сүйікті адамының қатты ренжітуі қаншалықты ауыр тиетінін түсіне қоймайды. Айырылысуды бастан өткерудің қаншалықты жанға бататынын түсінбейді. Олар бала тәрбиелеудің қандай үлкен жауапкершілік екенін, ата-ананың қателігінен бала жапа шегуі мүмкін екенін де түсіне бермейді. Кенеттен өмірдің мәнін жоғалтудың қаншалықты азапты болатынын білмейді. Бұл жан азабы пышақпен саусақты зақымдап алғаннан не жазда көшеде күн астында ұзақ тұрып күйіп қалғаннан да әлдеқайда ащы боп тиюі мүмкін. «Әркім өз тәжірибесінен үйренеді» дегенге сеніп өмір сүреді, сондықтан өзгелердің кеңестеріне құлақ аспай, былайша айтқанда, таяқ жеп жүріп тәжірибе жинайды, мұны солай болуы тиіс норма деп есептейді. Бірақ опық жемей-ақ тәжірибелі болуға болады ғой! Өкінішке қарай, бұл жайлы бәрі де ойлана бермейді. Тереңде жатқан жан жараларына тіреліп қалмай, өте тәжірибелі отағасы, тәжірибелі ата-ана, ата-әже болуға болатыны сөзсіз.

Страница 11