Мейрхан Абдильдин: Өнегелі өмір. Вып. 22 - стр. 4
Атамыздың өмірінен бір жәйт айтайын. Атамыз он үшке келгенде үйленемін дегенді шығарады. Оған біздің арғы атамыз Аралбай, яғни әкесі: «шырағым, біраз толастай тұр, шаруашылықты аз да болса жөндейік», – дейді. Соған атамыз өкпелеп, үйден кетіп, Ресейден бірақ шығады. Әуелде темір жол салып жатқан жұмысшыларға қосылады, содан кейін Емельянов деген орыс көпесінің атқосшысы болады, сөйтіп жүргенде көпеске ұнайды. Ұнағаны соншалықты, көпес бұл балаға орысша хат тануына, тіпті ептеп білім алуына көмектеседі. Ешкімі жоқ жетім баладан өзіне берілген көмекші дайындамақ екен. Не керек, біздің тұқымдағы кейбір батылдық, өзінше жол іздеу қасиеті осы атамыздан болуы керек.
1944 жылы, алты жасымда, мені мектепке берді. Ол кезде мектепке негізі 8 жастан алушы еді. Бұл жағдайдың өзінше сыры бар. Ол менің тентектігім. Расында, бұл кез соғыс жылдары еді. Мен бес-алты жасар бала екенмін, ішім пысып, үйде асық ойнап, үйдің терезелерін сындырып қояды екенмін. Соғыс кезінде, әсіресе, қыс кезінде терезенің шынысын табу бұл бір қиын жағдай болатын. Сондықтан, не керек, әке-шешем (Мүбарак, Бағытай) мені мектепке беріп құтылады. Соның арқасында бірінші және екінші кластарды қалай оқығаным туралы еш нәрсе есімде қалмады. Менің есімде Май ауданының Қазақстан орта мектебінің үшінші класының оқушысы болғаным ғана. Сондықтан да Кеңес өкіметінде баланы бірінші класқа 8 жастан алғаны дұрыс па деп ойлаймын.
Осы мектепте 3-кластан 8-класқа дейін оқыдым, ең үздік оқушы болмасам да, әр уақытта үздік үш оқушының ішіне енетінмін. Бұл жағдайдың өзінше сыры болушы еді. Әкеміздің бар арманы: балаларым жақсы оқыса дейтін. Өзі – Май ауданының қырдағы малының мал дәрігері. Айына үйге екі-үш күнге ғана келуге уақыты болатын. Сондағы бірінші сұрайтыны біздің оқуымыз. Ал біз өз кезегінде әкемізді ренжітпейік деп жақсы оқуға тырысатынбыз. Анамыз да әкеміздің беделін жоғары ұстауға тырысатын еді. Әкеміз анамызға: «оқу деген – балаларға үлкен сын, үлкен жұмыс. Бұлар жақсы оқиды. Сол себептен, сен балаларды анау-мынау үйдің жұмыстарына жұмсай берме. Үй жұмысы, мал жағдайы екеуміздің ісіміз. Балалар дем алсын», – дейтін. Осы сөзді жақсы ұғып алған мен, сабақты жақсы оқуға тырысып, қалған жағдайларда үй шаруашылығымен айналыспай, көп бос жүргенді ұнататынмын. Біздің ауылдың алды өзен мен тоғай болатын, сондықтан мен үшін бос уақыт ауадай қажет болатын.
Анамыз – оқымаған адам еді. Сол себепті де біздің оқуымызға мүлде басқаша қарайтын. Бұл кісінің ойынша, миды шірітіп кітап оқығанша, үйге пайдасын тигізгер жұмыс істеген дұрыс дейтін. Бірақ мен шіркін, әжемнің бауырында тәрбиеленген еркесі едім, әкемнің айтқаны есімде болғандықтан, анамызды онша тыңдамайтын едім. Біздің анамыз жақсы әнші болатын. Қыс кешіне, маздап жанған пештің алдында отырып ән салушы еді. Мен бұлардың әніне киіп кетіп, кейде бұзып, сөгіс еститінмін.