Бақыт жолы - стр. 6
Сонымен, жоғарыдағы мысалдарды ескерер болсақ, бақыт пен бақытсыздықтың түп тамыры қайда жатыр?
Егер бақытты болудың мәні ата-ананың құшағына бөленуде, балмұздақ пен ойыншық алуда болса, неге ересек адам осы қалауларды орындау арқылы бақытты бола алмайды? Ал егер бақытсыз болудың себебі адамдардың бір-бірімен осал қарым-қатынастарында, бір-бірінің қадірін түсіріп құрметтемеуінде, әділетсіздік танытуында болса, онда неге әл-ауқаты төмен елдерге қарағанда дамыған елдерде суицид көп? Бұл елдерде кедей елдерге қарағанда әдептілік пен мәдениеттілік деңгейі жоғары ғой?!
Байқағансыз ба, офисте отырып миллиондап ақша табатын адамға қарағанда, бау-бақшада жұмыс істеу сияқты, қарапайым істермен айналысатын адамның жанары жайнап, бақыттырақ боп тұрады. Сонда бақытты болудың құпиясы неде?
Бақыт деген – ой-санаңызда жарқын бейнелердің өте көп болған кездегі күй. Бұл бейнелерге сіздің болашаққа көзқарасыңыз, қалауларыңыз, арман-тілектеріңіз, естеліктер, сезімдеріңіз және тағы басқалары жатады. Осы жарқын бейнелер ой-санаңызда неғұрлым көп болса, өміріңізде соғұрлым бақытты сезінесіз. Ал керісінше олардың саны неғұрлым аз болған сайын, соғұрлым өміріңіз қараңғы болып көріне бастайды, сәйкесінше өзіңізді бақытсыз сезінесіз. Міне, сондықтан да екі адам бірдей жерде, бірдей уақыт пен жағдайда тұрса да, бірі үйірілген қара бұлтты көрсе, екіншісі әсем гүлдерді көреді. Бірі заманды қауіпті деп тапса, бірі көптеген жаңа мүмкіндіктерді көре біледі. Бірі өміріне көңілі толмай, шағымданып жүрсе, бірі өз қолымен жарқын өмір жасайды. Бұл адамдар арасындағы айырмашылық, бар болғаны, олардың санасындағы жарқын бейнелердің саны мен сапасында.
Көпшіліктің қалай өмір сүретінін қарастырайық. Балалық шағында олардың өмірі бақытқа толы болады, жас кезінде азырақ, ересек өмірінде одан бетер аз, ал қартайғанда жоқтың қасы. Сонда бақыт қайда кетті? Ол тек балалық шақта ғана бола ма? Жоқ, өздеріңіз де түсініп отырғандай, шындығына келгенде адам есейе келе санасындағы жарқын бейнелерді жоғалтып, олардың орнын қараңғы да мұңлы бейнелер басады. Бар құпия осы!
Сонда адам бақытты болу үшін бар болғаны оның санасындағы жағымсыз бейнелерді жарқын бейнелерге ауыстыру керек, солай ғой? Иә, дәл солай. Пейнхантингтің бар мәні осыда. Пейнхантинг ешкімді де ой-сананы тыныштандырып, сол тыныштық арқылы бақытқа қол жеткізу үшін Тибетте ондаған жылдар бойы медитация жасауға шақырмайды. Өйткені бұлай ету, яғни санада тұрған қараңғы бейнелерден құтылу үшін өмірдің шындығынан қашу, ақымақтық болып табылады. Пейнхантинг сізді көптеген мотивациялық жаттықтырушылар үйрететіндей, жағымсыз бейнелерге мән бермей, еш нәрсе болмағандай алға баса беруге шақырмайды. Пейнхантинг Африкада аштық көріп жатқандарға қарағанда «қарныңыз тоқ, көйлегіңіз көк» екенін айтып жұбатпайды және санаңыздағы жағымсыз бейнелерді қабылдауға, соларға көнуге мәжбүрлемейді. Пейнхантинг сізді жүріс-тұрысыңыз жақсы болуы керек деп үйретпейді, себебі жан жарасы емделмеген бақытсыз адам өздігінен жақсы мінез-құлық таныта алмайды.