Бақыт жолы - стр. 37
Ал есейіп, есті болған сайын жұбаныш сізді мүлде қызықтырмайды. Бірақ, өкінішке орай, көптеген психологтар осы әдісті қолданады, осылай өз клиенттерін бірден шеттетеді. Психологтың адамға қиындықтарды тез жеңуге көмектескісі келетіні анық, бірақ клиент мұны теріс қабылдайды. Сізді жұбатуға тырысқан мейірімді психологтың консультациясынан кейін, сізде аралас сезімдер болғанын байқасаңыз, бұл шын мәнінде, көңіл түбінде өзіңізді алданғандай сезінгенсіз деген сөз. Сондықтан, психологтың тырысып, күш салғанына қарамастан, сізде жағымсыз дақ қалып қояды.
Жұбаныштың ең басты қауіпі, ол бізді күшейтпейді. Қайта жұбаныштың әсерімен біз одан сайын дәрменсіз күйге түсеміз де түрлі қиялдарға берілеміз. Ал адамға қарсы қолдануға болатын ең жаман қару – үнемі жұбату. Адамды үнемі жұбатқан сайын, ол әлсіз және өзіңізге тәуелді болып қалады. Ол күніге сізден: «Мен ханшайыммын, солай ғой?», «Ал менің жігітім оңбаған екені сөзсіз, иә?» деп сұраумен болады. Сонда сізге күн сайын көбірек жұбаныш беретін ертегілер ойластыруыңыз керек болады, ал бұл адамды одан сайын әлсіз әрі дәрменсіз етеді.
Психологиялық көмектің келесі жолы – жанашырлық. Кейбіреулерді таң қалдыратын шығар, бірақ жанашырлық таныту пайдасыз ғана емес, тіпті қауіпті құрал. Неге екенін қазір түсінесіз. Адамға жанашырлық танытқанда, оның бойында бала кезінде ауырып, әлсіз болғанда, оған өзгелердің танытқан аяушылығынан сезінген жағымды сезімі пайда болады. Сөйтіп оның түпсанасында: «Психолог маған одан әрі жанашырлық танытуы үшін мен көбірек ыңылдап, шағымдануым керек» деген ақымақ тұжырым орнығады. Нәтижесінде, адамды жанашырлықпен емдеуге тырысатын психолог оның зардап шегуші ретінде күйін одан сайын қаттырақ бекітеді, ал мұндай күйден шығу адамдардың көпшілігі үшін тым қиын болады. Көптеген егде жастағы мүгедек ерлер де, әйелдер де, өз дәрменсіздігі мен жағдайларынын құрбаны болып жүргендері, өзгенің назарын өзіне аударуға көмектесетін жалғыз «ілмек» екенін саналы түрде түсінеді, сондықтан олар өз-өздерін осындай әлсіз күйге түсіреді.
Негізі жанашырлықты қолданып, кез келген сарбазды, көшбасшыны және кез келген жеңімпазды жығып түсіруге болады. Ол үшін оған көп жұмыс істегені зиян екенін есіне салып, аяушылықпен дем алуға талпындырсаңыз болғаны. Дене қызуын үнемі тексеріп, анализдерін алып, стреске көп түсіп кеткенін аяп-мүсіркеп айтсаңыз болғаны. Сонда күндердің күнінде бұл сарбаздар рухын жоғалтады. Міне, сондықтан да мықты тұлғалар психологтарды жаратпайды. Иә, оларға іштей оңай емес, қолдау көрсетілгенін қалайды, бірақ аяушылық түрінде емес! Әрқайсыңызда сізді тым жиі аяп-мүсіркей берген адамды, тіпті сабап тастағыңыз келген кез болғанына сенімдімін. Бұл түсінікті жайт. Жанашырлық қатты қайғырсаңыз ғана пайдалы болады. Біреуге жанашырлық танытуды жалғастыра беру, оның жоғары көтерілуіне мүмкіндік бермейді. Бұдан ол қайғыға одан сайын батып кетеді. Сондықтан, қайғыдан жоғары күйде болсаңыз, жанашырлық сізді ызаландыратын болады Мынадай көріністі елестетіп көріңізші: сіз сатқындықтың кесірінен азап шегудесіз немесе балаңызға ашулысыз және мұндай күйден құтылғыңыз келеді. Ал психолог болса, сізге аяушылық танытып отыр. Мұндай көріністің сізге ұнамасы анық.