Бақыт жолы - стр. 27
Ендеше осы зиянды және жарқын ойлардың табиғатын жақсырақ түсінейік. Пайда болу себебін қарастырсақ, біріншісі соншалықты зиянды емес екенін түсінеміз. Олар қауіпсіздікті шынымен қалаған кезде пайда болады. Мысалдағы: «Үйленбе, әйтпесе күйеуің ұрып-соғады» деген ой, яғни команда, бізді болуы мүмкін қауіптен сақтайды. Бұл ой – сіздің қызметкеріңіз, тірі микроорганизм, ол сіздің кейінірек тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, қиналғаныңызды қаламайды. Демек, сіздің түпсанаңыз сізді құрту мақсатын көздемейді. Бұл ой жәй ғана өз функциясын жанкүйер сияқты асыра орындайды және сізді болуы мүмкін қауіпке сендіре отырып, жағдайды айтарлықтай драмаға айналдырады.
Ал жарқын ойлар, керісінше, дамуға, ләззат алуға, бақытқа және жағымды сезімдерге қол жеткізуге бағытталған. Яғни, олардың да еш зияны жоқ. Жарқын ойларда қауіп немесе қауіпсіздік ұғымы ғана жоқ. Тек жеңілдікті, еркіндікті және позитивті бейнелерді қамтиды.
Пейнхантингте бұл жарқын ойлар тобын – дамыту қызметі, ал зиянды ойлар тобын – қауіпсіздік қызметі деп атаймыз. ДҚ және ҚҚ деп қысқартсақ болады.
Қауіпсіздік қызметі, дамыту қызметінен айтарлықтай ерекшеленеді. Оған тән ерекшеліктерді қарастырайық. Алдымен тағы да абстракцияланайық.
Компанияда есепшілер, заңгерлер мен күзетшілердің принципті өте қатты ұстанатындарын байқағансыз ба? Оларға әдетте икемділік жетіспейді және өте қыңыр болуы мүмкін, солай ғой? Керісінше, сату бөліміндегі жақсы менеджерлер жеңіл, икемді және тапқыр болады. Міне, тура осындай қасиеттерге қауіпсіздік қызметі мен дамыту қызметі де ие.
Егер компанияның қауіпсіздік қызметінде, дамыту қызметіне қарағанда көбірек қызметкерлер болса, онда компания әдетте дамуын тоқтатады және жұмысы тым баяу жүреді. Мысалы, ірі банктер немесе мемлекеттік органдар кейде қарапайым мәселені шеше алмай жатады, өйткені оларда қауіпсіздік ережелері аса көп және көп қызметкерлер дамуды емес, ең алдымен қауіпсіздік туралы ойлайды.
Енді түпсанаға қайта оралайық. Егер сіз бір өте сақ адамды кезіктірсеңіз, оның кейде бәріне байыппен қарайтыны соншалық, ол тіпті ақымақ істер жасай бастайтынын байқайсыз. Мысалы, егер ер адамның әйелдерден жиі көңілі қалса, оның қауіпсіздік қызметі әрбір әйелді жаман адам ретінде көреді. Егер бір жас қыздың бала кезінде көңілін қалдырған әпкелері болған болса, оның ішкі қауіпсіздік қызметі айналасында сатқындар мен сенімсіз достарды көреді.
Яғни, қауіпсіздік қызметінің маңызды қасиеттерінің бірі – ҚЫҢЫРЛЫҚ пен ПРИНЦИПКЕ БЕРІКТІГІ. Саясаткерлердің бәрі ұры немесе байлардың бәрі сараң деп отырған көлік жүргізушісін кезіктірсеңіз, бұл сөздерді оның өзі емес, қауіпсіздік қызметі айтып отыр! Сондықтан оған ренжімеңіз. Қауіпсіздік қызметі билікті өз қолына алғанда, өз компаниясының басқарма төрағасын кеңсеге кіргізбейтін қыңыр күзетшіге айналады. Сізді сырттан келген зұлым адамдардан қорғау үшін өзіңіз жалдаған күзетші, жалақыны оған беріп отырған сіз болсаңыз да, бір күні, өзіңізге қарсы шығып, қиындық туғызады! Сіздің қауіпсіздік қызметіңіз жағдайды қандай абсурдқа әкеліп соқтыратынын түсіндіңіз бе?