Бақыт жолы - стр. 18
Үшінші нюансқа көшейік. Біз БІР МЕЗГІЛДЕ БІРНЕШЕ ЭМОЦИЯНЫ сезінуіміз мүмкін. Егер сіз сезімтал адам болсаңыз, кейде адам бір мезгілде аралас эмоцияларды бастан кешіретінін байқаған шығарсыз. Мысалы, біреу балаға ұрысып айғайлап тұрып, сол сәтте айғайлағаны үшін өзін кінәлі сезініп тұруы да мүмкін. Нәтижесінде ол абдырап қалады, бақытсыз болады, оның көңіл-күйі де «шайқалады». Немесе, мысалы, университет бітірген жас түлек бір жұмысқа қабылданғаны туралы жаңалықты естиді, осы сәтте ол көптеген эмоцияларды бастан кешіреді: шаттық, қорқыныш, қуаныш және тіпті ұятты сезінеді. Нақтырақ айтсақ, жақсы жаңалыққа шаттық, жұмыстағы жауапкершіліктен қорқыныш, ата-анасының мақтан тұтатынына қуаныш сезінеді және жеткілікті жақсы оқымағанына әрі өз мамандығын жетік білмегеніне ұялады. Түсіндіңіз бе? Ал дәл осы сәтте сіз оның жүзінен таңдануды және эмоциялардың әр түрлі көрінісін байқай аласыз. Шындығында, өмірде біз жиі осындай жағдайларға тап болып жатамыз. Осы жағдайлардың барлығында көптеген ойлар мен эмоциялар, бәрі қатарынан бірер секундта пайда болады. Кейінірек ол бірнеше секундта орын алған осы оқиғаны достарына бір сағат бойы айтып беруі мүмкін! Сонда ол сонша мәліметті қайдан алады? Иә, ол өз санасындағы кинотаспадағы кадрларды жай ғана «баяулатып», бір сәтте пайда болған жүздеген ойлар мен эмоцияларды егжей-тегжейлі баяндайды.
Енді төртінші ерекшелік туралы айтайық. ЖАЛҒАН және ШЫНАЙЫ ЭМОЦИЯ деген ұғымдар бар. Оларды анықтау және олардың арасындағы айырмашылықты түсіну соншалықты қиын емес. Бірақ егер қабырғасы қайысып тұрса да, адам үнемі күлімсіреп жүруі тиіс деп қабылданған Батыс әлемінде өмір сүрсеңіз, онда бұл жағдайда жаңылысып қалуыңыз мүмкін. Мұны әдетте ер адамдар онша байқай бермейді және шынайы емес эмоцияларға оңай сенеді, ал дәл сол сәтте олардың сезімтал әйелдері сол адамдардың шынайы бет-бейнесінің қандай екенін алғашқы секундтан-ақ түсіне алады. Демек, жалған эмоция – бұл өзгеге әсер қалдыру үшін, былайша айтқанда бетперде киіп ел алдында көрсетілетін эмоция. Ал шынайы эмоция – көңіл түбінде, жан дүниесінде сезініп жатқандары. Мысалы, сіз қонақтарды қарсы алып жатқанда іштей енеңізге ашулануыңыз мүмкін, бірақ бет-жүзіңізге қуаныш маскасын «киіп» аласыз. Егер сіздің енеңіз өте сезімтал болса, ол сіздің жалғандығыңызды түсіне қояды, ал егер олай болмаса, ол сіздің жалған эмоцияларыңызға сенеді.
Сонда бізге бұл нюанстар не үшін қажет? Ортақ мақсатымызды жақсы түсіне алуымыз үшін қажет. Ал біздің ортақ мақсатымыз – сізді бақытты ету!
Дәл осы кезде сіз, біріншіден, бізде пейнхантингте бақытты болғансып көріну деген мақсат жоқ екенін нақты түсінуіңіз керек! Біз сіздің жасанды, жалған эмоцияларыңызбен жұмыс жасауды мақсат етпейміз. Өкінішке орай, қазіргі заманғы көптеген коучтар, әсіресе Батыстағы, бізді позитивті эмоцияларды жасанды түрде жасауға талпындырады. Олар біздің жанымыз бұған бейімделеді, сондықтан сәлден кейін өзімізді шынымен бақытты сезіне бастаймыз дегенді айтады. Бұл қандай да бір шамада дұрыс-ақ, бірақ бұны кофе ішумен салыстыруға болады. Егер сіз сәл ұйқыңыз қанбай тұрсаңыз, қою кофе ішіп ояна аласыз, бірақ егер тек екі сағат қана ұйықтаған болсаңыз, онда ешқандай кофе көмектеспейді. Бұл жағдайда сізге өзіңізді азаптамай, жәй ғана ұйықтап алу керек. Яғни, егер қатты күйзеліске түссеңіз, ешқандайда жасандылық сізді бақытты етпейді. Пейнхантингте біз жан дүниеңізде сезініп тұрған шынайы эмоцияларыңызбен жұмыс жасаймыз. Жүздеген пайдасыз аффирмациялар, визуализациялар және медитация бізді жасанды эйфорияға итермелейді, бұның салдарынан жан дүниемізде тереңде жатқан жаралар мен жан азабы емделмей сол күйі қалады. Ал пейнхантинг көзбояушылық жасап, бақытқа жеткізгендей етпейді, ол азапты жан жараларыңыздан арылта отырып, жан дүниеңізге шынымен бақыт сыйлайды.